четверг, 31 октября 2013 г.

      29 қазан күні Ж.Молдағалиев атындағы БҚО ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен  Орал және мұнай-газ салалық технология  колледжінде  «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында  Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын Фариза Оңғарсынованың  шығармашылығына арналған «Тыңда, мені жүрекпен!» атты ән-жыр кеші өтті.

Еліміздің оқу мәдениетін дамыту, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, ұлттық идеологияны дамыту, қазақ жазушыларының шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатындағы «Бір ел - бір кітап» акциясы кітапханамызда дәстүрлі түрде жалғасын табуда. Биыл «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында ортақтаса оқуға Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы таңдалды. Осы акция аясында облыстық кітапхана Орал және мұнай-газ салалық технология  колледжі студенттерімен бірлесе отырып, ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын насихаттау, қазақ әдебиетін жандандыру, жастардың рухани жетілуіне жол ашу   мақсатында ақын Фариза Оңғарсынованың  шығармашылығына арналған «Тыңда, мені жүрекпен!» атты ән-жыр кешін өткізді.    
Кеш барысында  қалың оқырман ақынның  өмірі мен шығармашылық еңбегі туралы терең мағлұмат алды. Колледж студенттері Ф. Оңғарсынованың «Ер-тұрман», «Айналайын ауылдың адамдары-ай», «Жаулықтар», «Қазақтың батырлары», «Өлең» т.б. жырларын жатқа оқып, әндер шырқады. 
Кеш қонақтары «Жайық ұстазы» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын  Таубаева Ақмаржан Бақытқызы  Фариза Оңғарсынова туралы, ақынмен кездесулері, өмірдегі адамгершілік келбеті туралы сыр шертсе, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Көшәлиева Сара Көшәліқызы акция мақсатымен, оның аясында өтілетін бағдарламалармен  таныстырып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
Сондай-ақ,  ақын Фариза Оңғарсынова туралы бейнебаян көрсетіліп, шығармашылығына арналған «Тұнық жырдың тұмары» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.  
Кеш соңында  қонақтарға, колледж  ұстаздары мен студенттеріне  алғыс хаттар мен Ф.Оңғарсынованың «Дауа» атты жыр жинағының электрондық нұсқасы ұсынылды.

    Кеш барысында Орал және мұнай-газ салалық технология  колледжінің студеттері Ф. Оңғарсынованың «Ер-тұрман», «Айналайын ауылдың адамдары-ай», «Жаулықтар», «Қазақтың батырлары», «Өлең» т.б. жырларын жатқа оқып, әндер шырқады.             




7 комментариев:

  1. Омирбек Қажғалиев31 октября 2013 г., 5:39

    Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы маған өте қатты ұнайды,

    ОтветитьУдалить
  2. Тілеген Жумабай1 ноября 2013 г., 4:43

    « Дауа » жинағы таңдамалы өлеңдерінен тұрады. Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы: махаббат, замана, уақыт тынысы, туған жер, туған ел туралы болды.

    ОтветитьУдалить
  3. Жүрекпен тыңдайтын оқырмандар көп болғай!

    ОтветитьУдалить
  4. Айзере Мұратқызы, мұғалім1 ноября 2013 г., 5:05

    Кітапхана қызметкерлеріне көп рахмет! Фариза Оңғарсыноваға арналған кеш тамаша өтті. Студенттер ақынның жырларын жүрекпен жеткізді. Рухани ләззат алдым!

    ОтветитьУдалить
  5. Гүлназ студент1 ноября 2013 г., 5:16

    Өмірімнің өткелдерінен
    қиындық көп көргеніммен,
    өртеніп от басқаныммен,
    өзіңмен қоштаспадым мен.
    Күлкімді, жайлы күнімді,
    азапты, қайғы- мұңымды
    өзіммен бөліскенің үшін,
    қатем мен жеңістерім үшін,
    менің мынау қиындау тағдырым болып
    о баста көріскенің үшін,
    Өлең, мен сені аялап өтем!
    Қандай керемет жазылған

    ОтветитьУдалить
  6. Берік, ақынды құрметтеуші1 ноября 2013 г., 5:25

    Фариза, Фаризажан, Фариза қыз! Нағыз поэзия патшайымы ғой... Қазағыңның жүрегін жырларыңмен жаулай бер!

    ОтветитьУдалить
  7. КЕРЕМЕТ! АЙНАРА ЕНБИГИННИН ЖЕМИСИН КОР! БЛОГ ОТЕ ЖАКСЫ ЕКЕН,ФАРИЗА АПАЙ ТУРАЛЫ КОПТЕГЕН МАГЛУМАТ АЛУГА БОЛАДЫ ЕКЕН.

    ОтветитьУдалить