Өлең тағдыр-өнегелі өмір

                                        Өмірі мен шығармашылығы туралы

          Заманымыздың заңғар сөз зер­гер­лерінің бірі – ақын Фариза Оң­ғар­сынова Тәңірінің туа дарын етіп жаратқан таңдаулы жан­дарының бірі. Жасынан халықтың көз ал­дын­да қуаныш нұрына бөле­ніп ке­ле жатқан шағалалы шалқар қызы­мыздың өмір жолы баршаға аян. Егер өмір жолын айту қажет болса Фариза Оңғарсынова - Халық жазушысы. 1939 жылдың 5-желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақмектебінде ұстаздық еткен. 1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері. 1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған.1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Тұңғыш өлеңдер  жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрді. «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «асау толқын», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде», «Сенің махаббатың»,»Сұхбат», «Дауа» т.б. өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет  Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайлы «Тартады бозбаланы магнитім», «сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік», сондай-ақ «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары» «Жантолының монологы», «Мүшайра», «Мен өмірді сен деуші ем», «Интервью», т.б. поэмалары жарияланды. Фариза Оңғарсынова - әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл - ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ «Қыз махаббаты», «қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары» атты жырлары ақынды әйел адамның жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады. «Шашы ағарған қыз» секілді прозплық туындысының сөз өрнегіндегі орны ерекше.
         Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған. Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді. «Жүрек сенсің...» деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.
                                                Бар сияқты менде де сана шыдам,
                                               Жылағанды демеуге тағы асығам,
                                               Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
                                               Қорқам ардың айбалта – жазасынан.

                   Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар

Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан. 1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
 
Қасым Аманжолов айтқандайын, ақын өмірбаяны өлеңдерінде екені рас қой. Фариза да өзі ғұмыр кешіп жатқан уақыттың жыршысы. Ол өз замандастарының, өз заманының өмірбаянын өз өлеңдерінде өрнектеп жүр. Сол себепті де оның тағдыр жолын толғаған жырлары онымен құрбы-құрдас бір ұрпақтың да өмір сыры.
Әйел жаратылысының нәзіктігі мен қылықтылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін тап Фаризадай жарқыратып, сүйсінте жазған ақын жалғыз-жарым ғана. Әйелдің болмысындағы табиғи қадір-қасиетін, әсіресе мөлдір махаббатын, осы жолда кезігетін қызғанышы мен сүйінішін, рахаты мен ләззатын жеріне жеткізе иландыра, сүйсіндіре, тереңнен толғап жазған соң ғана ол мың сан оқырманға ой салуда.
            Өз өлеңдері арқылы ақын біздерді – оқырмандарын жанарында мұңы жоқ, жамандықпен көре тұра күреспейтін, жылағанның қайғысын бөліспейтін, құлағанның қолтығынан демемейтін, бәріне риза, бәріне мәз, айналадағы адамдардың тіршілігінен, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтардан бейхабар әрі олардың не болып жатқанында шаруасы жоқ, безбүйрек, өзімшіл, өркөкірек пенделердің болмыс-бітімін айғақтайтын поэтикалық портреттерімен таныстырып, ондайлардан отауыңды оқшау қондыруыңды, сондай-ақ өзіңнің де сондай сүйкімсіз, сұмпайы мінезден аулақ болуыңды қалайтын қағидат-пікір пайымдап отыр.
          Жүрегімен жыр қашаған ақынның өлеңдері өмірлік өнеге алатын ақиқаттан бастау алатын, жан сусынын қандыратын тас бұлақтың таза суындай. Ендеше жұртты ысырып, өзіне жол ашпаған, басқаларды баса-көктеп төрге озбаған, ешкіммен жең ішінен жалғаспаған, арзан атақ-беделге жармаспаған, әкімдерге жағамын деп көңілдерін ауламаған, дөкейлердің қолына су құйып, қызметінен түскенде соңына шырақ алып түспеген, жалған күліп, жорта жылағансып, өтірік жаны ашығансымаған, жалғандықпен жұғыспаған адамды ардақ тұтып, өмірінен өнеге алуды дәріптеген ақын алдында да, оның осындай қазақы қасиет, мінезге бай лирикалық кейіпкеріне де қалай басыңды имессің?!

           Қорыта айтқанда, Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңде күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның жауһар жырларын бүкіл қазақ жаппай оқып, жаттап жүр десек асырып айтқандық болар еді. Ал оның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсақ әсте қателеспейміз.
video
         Ақиқатын айтып, ағымыздан жарылар болсақ, Фариза Қазақ Елінің тұлғалы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері. Бұл атаққа ол ақтаңгер ақындығымен де, тәуелсіздік жолындағы сіңірген жанқиярлық еңбегімен де өте лайық Азамат екендігі талассыз шындық.


10 комментариев:

  1. Ақын апамыз туралы көп мәлімет алдым, Рахмет. Еңбектерің жемісті болсын!
    Балис Ербелекова

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. рахмет, алдағы уақытта тағы да коптеген мағлұматтар ала аласыз

      Удалить
  2. Бізге ұнады. Шығармашылықтарыңыз өрлей берсін!

    ОтветитьУдалить
  3. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мәлеметтер толық қамтылған. Поэзия сүйгіш оқырмандарға пайдасы өте зор. Осы беттен таймай, алдағы уақытта еңбектеріңіз биіктен көріне беруіне тілектеспіз.

    ОтветитьУдалить
  4. Творчество поэтессы полностью раскрыто и можно с уверенностью сказать, что и библиотекарь и читатель найдет для себя полезную информацию. Искренне желаем больших успехов на пути к новым высотам Вашей деятельности.

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Огромное Вам спасибо, я обещаю что на этой неделе будет опубликовано еще много полезных информации

      Удалить
  5. Ақын апамыздың шығармашылығын бала күнімнен сүйіп оқитынмын, қайталап оқып қуанып қалдым, еңбектерің жана берсін

    ОтветитьУдалить
  6. Рахмет көп-көп, алдағы уақытта Фариза апамыз туралы мол мағлұматттарды осы блогтан таба аласыз

    ОтветитьУдалить
  7. Қуанова Дидар, кітапхана оқырманы27 октября 2013 г., 2:48

    Бұл блогтан Фариза апамыз туралы мына бейнебаянды тауып қуанып отырмын, осы блог материалдары , әсіресе өмірбаяны маған қазір қатты қажет болып тұр еді, уақытымды алмай осы блог арқылы мол материал тапқаным үшін сізге көп рахмет, Айнара Халиоллақызы! алдағы уақытта жұмысыңыз жемісті болсын деп тілеймін.

    ОтветитьУдалить