среда, 11 сентября 2013 г.

                                      

 «Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады»

                                                                                                                                           Нұрсұлтан Назарбаев.



                                   Қош келдіңіздер, құрметті оқырмандар!

                   Менің блогым заманымыздың заңғар сөз зергерлерінің бірі - ақын Фариза апамызға арналып отыр. Жасынан халықтың көз алдында халықтық қуаныш нұрына бөленіп келе жатқан шағалалы шалқар апамыздың өмірі, шығармашылық жолы баршаға аян.              
      «Фаризада халықтық рух бар, ол — елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын»,-деп көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев айтқандай, Фариза апамыз біздің бақытымызға, халықтық байлығымызға айналып отыр.   
               Фариза Оңғарсынованың адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңде күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді.  Ал оның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсам әсте қателеспеймін.   Ақиқатын айтып, ағымнан жарылар болсам, Фариза Қазақ Елінің тұлғалы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері. Бұл атаққа ол ақтаңгер ақындығымен де, тәуелсіздік жолындағы сіңірген жанқиярлық еңбегімен де өте лайық Азамат екендігі талассыз шындық.     
               Блогтың ең басты мақсаты-Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын - Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын оқырмандар арасында таныту, оқырмандардың поэзияға құмарлығын ояту, 
Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс-Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорындағы Фариза апамыздың кітаптарымен таныстыру, "Дауа" өлеңдер кітабы 2013 жылы елімізде "Бір ел - бір кітап " акциясы бойынша оқуға таңдалғанды халыққа жеткізу болып табылады.
    
          Құрметті оқырмандар, бұл блогтан Фариза апамыздың өмірі туралы деректертерді, шығармаларын, "Бір ел - бір кітап " акциясы туралы және тағы да басқа керекті мағлұматтарды біле аласыздар.       
     
                   Сәттілік тілеймін!