Мәдени шаралар сценарийлері

«Өлең, мен сені аялап өтем...» атты ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби жыр кешінің сценарийі

Кештің өтетін орны:
Мерзімі: .
Уақыты: 
Кештің безендірілуі:
Сахна жабық. Енді бір шетінде жүргізушілер үстелі.
Экран жұмыс жасап тұрады.
Сахнада аққайың, бөрене, алау, кереге, көше фонары, беседка қойылған.

Мерекелік кештің эпиграфы:
Сахна ашылады.
(Сазды әуен орындалып тұрады).

Кештің басталуы:
Фанфар ойналады.
Сахнаға жүргізушілер шығып, үстелге жайғасады.

І жүргізуші: Амандасады

ІІ жүргізуші:  Армысыздар, қадірлі ағайын!
Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының бастамасымен 2007 жылдан бері жылма-жыл дәстүрлі «Бір ел- бір кітап» акциясы жарияланып келеді. Акция шеңберінде көзделген  мақсат: оқу мәдениетін дамыту мен қолдау, тарихи және рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық қатынас, ұлттық әдебиеттерге деген оқырмандар қызығушылығын арттыру.

І жүргізуші: Ал,биылғы 2013 жыл жалпыхалықтық оқуға  ақын Ф. Оңғарсынованың «Дауа» кітабы таңдалған болатын. Осыған орай акция аясында  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Өлең, мен сени аялап өтем...» атты әдеби жыр кешіне қош келдіңіздер!

ІІ жүргізуші: Кешімізге _____________________________қатынасып отыр.

Сөз ____________________________________________  беріледі.

І жүргізуші: Дүние есігін  іңгәлап ашқан жас нәресте қазақтың тал-бесігінде жатып, сырбаз даланың әсем әуеніне, сұлу табиғатына елітіп өсті.
Туған жердің тылсым табиғаты нәресте бойына ақындық өнерді дарытып, аялы алақанына салып мәпеледі.


ІІ жүргізуші: Оның үстіне тумысынан турашыл, дархандығы асқан думаншыл, әділдіктің ақ туын желбіреткен ақындық тағдыры балғын қыздың маңдайына бітер  бақ-дәулеттей көрінді.
Өнер-қазынадан өрімдей болып ақтарылған өлең моншақтары жылдар өткен сайын жарқырай түсті.
І жүргізуші:Күлкімді, жайлы күнімді,
                       Азапты, қайғы-мұңымды
                       Өзіммен бөліскенің үшін,
                       Қатем мен жеңістерім үшін,
                       Менің мынау қиындау тағдырым болып
                       О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!-деп жырлаған қазақтың ақын қызы Фариза қазақ даласының қызын қызығым деп еркелеткен салтын зерделі көңіліне тоқып өскен есті қыздың бірі.

ІІ жүргізуші: Ол ұлға тапсыратын аймақ  жұмысын нәзік жүрегімен қыз иығына шақтап көтере білді. Есейді, өсті, қызмет атқарды. Менмін деп кеуде соқпай елден табылып, көрікті жырлардың сырына қанығып, еркелігіне қоса батылдығымен танылды.

І жүргізуші: Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Ақынның жазған жырлары сандуғаш болып сайрайды. «Маңғыстау монологтары» ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде», «Сенің махаббатың», «Дауа» сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді.

Ақын шығармашылығына шолу, экранға назар аударайық (ролик көрсетіледі)

ІІ жүргізуші: Ақын өмірінде қайталанбас серікке айналған өлең оның жүріп өткен жолдары, өмірдің бар мәні – сайын даланың жазира жолдарына шашылған жыр жауһарлары іспетті. Намысы – найза, серті-семсер, төзімі-тоң, жігері-жалын, ата-баба дәстүрін ұстанған ақын  Фариза көтерген жүк те жеңіл емес.
«Асау толқын» атты өлеңінде:
Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан – бар үміт сенде
О, асау толқыным менің!-деген өлең жолдарынан ақынның жастарға үлкен сеніммен, үмітпен қарайтыны анық байқалады.
Ақын жырларынан оқырмандар шеруі  .............................
(мәдениет қызметкерлері бір топ ақын өлеңдерін оқиды)

ІІ жүргізуші: Ақын әйелдер жанының құпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, тағдыры мен трагедиясына бірнеше жырлар арнады. Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры.

І жүргізуші: Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: «Адам деген күрделі жаратылыс. Соның ішінде әйел жан дүниесі өз алдына бір әлем. Мен өз жырларымда сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім - әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы»,- дейді ақын.
 Ф. Оңғарсынованың сөзіне жазылған: «Білмеймін» әнімен

ІІ жүргізуші: Фаризаның беріліп, кең көсіліп жырлаған махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа, саяси - әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз.
(Оқырмандар шеруі, бір топ оқырмандар ақын өлеңдерін оқиды)

І жүргізуші: Мен даланың қызы едім,
                        Жазығында жатпайтын көз ілер қара.
                        Жазира менің жанымның өзі де дара.
                        Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді,
                        Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана – деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сондай-ақ, ақынның биік арманы анық көрінеді.

ІІ жүргізуші: О, туған жер, кең пейіл құшағың кең,
                        Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.
                        Сағынышымды қанат қып саған қарай,
                        Балапандай талпынып ұшамын мен –
немесе:
                        «Сені қалай сүю керектігін,
                         Мен ешқандай кітаптан оқымадым»,- деп, туған жерге деген өзінің сағынышын, ерекше сезімін жыр ғып шынайы суреттейді.

І жүргізуші: Поэзия патшалығынан көрінген өлеңге деген адалдық, азамат-ақынның бойынан өрілген адамдық қасиеттердің бәрісі, туған жерге деген шексіз берілгендіктің жолын қалыптастырады.

ІІ жүрғізуші: «Атыңнан айналайын туған өлкем!» деп, сағыныштан алып-ұшқан, табиғат-ананың саф-ауа әнін құшқан ақын-жүрек, атаның құнын кешетін, ағаның қолын шешетін,кешегі ездікті айтатындар санатынан емес,ертеңгі елдікті айтатын - ел үшін туған батыл-жүрек.
әні: Қалдыбек Құрманәлі сөзі: Фариза Оңгарсынова Ән: «Жайықтың толқындары»


І жүргізуші: Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.
Ақын жырларына кезек берейік



ІІ жүргізуші: Ақын Фаризаның өлең өлкесіндегі сапары – ақын жан-дүниесі ән мен жырдың Отаны екендігін дәлелдей түседі. Сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға жүйрік Фариза ақынның толғанысынан туындаған сыршыл өлеңдер сиқырлы сазға айналып, айналаны әсем күйге бөлеп әкеткелі қаншама жылдардың легі өтті көз алдамыздан.

І жүргізуші: Өлең өлкесінде жырын әлдилеген ақын жаны нәзік те батыл. Сезімтал жүрек, табандылық, іңкәрліктің барлығы Фариза ақынның тамыры терең тұлғасында тоғысқан.
М. Мақатаев Ән: «Фариза»


І жүргізуші: Дүлдүлдердің шабысына шабыт сыйлап, бұлбұлдарға үн қосқан Қазақ елінің әр таңы әнмен рауанын ашады. Өмір тынысын кеңейтіп ертеңге құлаш сермейді.


ІІ жүргізуші: Фариза ақын – даламен үндесіп, бабамен тілдесіп,  жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп өз биігіне жеткен ақын. Халқына арқа сүйеп, қайсар болған, еліне еркелеп жауһар болған, оқырманына сүйеніп гауһар болған ақын.
Бүгінгі ақын шығармашылығына арналған кешіміз аяқтала келді.
Келесі кездескенше күн нұрлы болсын, ағайын!





                                                  «Жыр – тағдыр, жыр - ғұмыр»
                                              атты оқырмандар  конференциясының сценарийі

1-жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді қонақтар,  жыр сүйер қауым! Табиғат – Ананың төсін еміп, кеудесінде жүгіріп ойнаған қаймана қазақ қашан да от ауызды, орақ тілді ақиық ақындарға, жайсаң жазушыларға кенде болған емес! Нар аунаса жүк қалған, тұлпар аунаса түк қалған киелі мынау өлкеде бүгін тағы да үлкен мереке!

2-жүргізуші: Біздің елімізде рухани мұрамызды сақтау мақсатында жыл сайын өткізіліп келе жатқан  ұлттық академия   кітапханасы мен Қазақстан Республикалық кітапханашылар ассоциясының бастамасымен алғаш рет 2007-ші жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізілді.
 «Бір ел-бір кітап» акциясының мақсаты: ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, ана тіліне деген қызығушылығын ояту, әрі оқырманды кітап оқуға тарту.
1-жүргізуші:
«Бір ел – бір кітап» акциясы Абайдың «Қара сөздерімен» басталып, Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романына, Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырларына, Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын », Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналса, былтырғы жылы жазушы Оралхан Бөкейге арналған болатын.
2-жүргізуші: Ал биылғы жылы «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында ел болып оқуға Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, көсемсөзші, аудармашы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жинағы таңдап алынды.
1-жүргізуші:Ақын өлеңімен өрнектелген өнегелі өмірі, жүйрік ой, жүрдек қаламынан туған жалынды жырларына арналған оқырмандар конференциясына қош келдіңіздер!
2-жүргізуші:  «Дауаны» оқығанда
Ғажайып таңның рауаны, -
Оқыған кезде, - «Дауаны».
Жадырар жаның жыр кернеп
Жұтқандай жұпар ауаны.
Сыр –сандығы,
Қыз жаны – қазынасы,
Кемеңгердің «Дауада» назы, жасы.
Жерін, елін,
Халқының тілін сүйген
Ғажап жанның бұл бізге базынасы!

1-жүргізуші: Фариза Оңғарсынова ҚР Ұлттық Академиялық  кітапханасы ашылғаннан бірінші күннен бастап, білім ордасының қамқоршысы,  көптеген қызықты жобалардың ұйымдастырушысы болып табылады. 2007 жылдан ол республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің төрайымы және Қазақстандық жазушылар шығармашылығын насихаттауда, өскелең жастарды кітап оқуға  тартуда зор үлесін қосып келеді.
  2-жүргізуші: Фариза Оңғарсынова - қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I және II шақыруларының депутаты (1996-2004).
     1939 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 
1- жүргізуші: 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.
  2-жүргізуші: 1966-1968 жж. Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген. 1968-1970 жж. республикалық "Лениншіл жас" газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.  
1- жүргізуші: 1970-1978 жж. республикалық "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы, 1978 жылғы желтоқсаннан "Пионер" журналының бас редакторы болып істеген.1978-1996 жж - республикалық «lino-Hep» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы. ҚР Парламенті Мәжілісі 1-ші және 2-ші шақырылымдарының депутаты (1996-2004).
2-жүргізуші: Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
 1- жүргізуші: Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.


«Жыр -менің жалғыз тарланым» өлеңі оқылады. Оқитын Гүлдана
(«Мен саған ғашық емес ем» кітабынан 59-60-бет) 
2- жүргізуші: Фариза Оңғарсынова -қазақ поэзиясына 60 жылдардың бел ортасында келген үркердей топтың белгілі өкілі. Оның шығармашылығында кеше -бүгін -болашақ бек астасады, ақын тарихи -қоғамдық перспективада сөйлейтіндіктен де, жырларында уақыт атты көш ағындағы адам тағдыры, халық тарихы барланады, зердеңізде жанданады; от ойлы, сардар сезімді жырлар санаға сәуле құяды.

«Жаным -дала, көгінен бұлт арылмай» өлеңі оқылады. Оқитын Ботагөз
(«Дауа» кітабы 5-бет)

1-жүргізуші: 1984 жылы «Үйім – менің отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған халық жазушысы.
2- жүргізуші: Туған жер – алтын бесік, асыл анам,
                                    Ауаңмен ақ сүтіңмен асыраған.
                                    Мен-дағы ұл-қызың едім өзің тектес,
                                    Алысқа несібесі шашыраған, - деп әркімнің өзінің туған жері, кіндік қаны тамған жері ән-жырларда өлеңмен жырлаған.
«Туған жер» өлеңі оқитын Жұлдыз
1- жүргізуші:             Домбырам жүрегіммен үндес едің,
                                    Сенімен сырласымдай тілдесемін.
                                    Бабамнан қалған мұра, сен болмасаң,
                                    Өнердің не екенін білмес едім, - дей келе, кезекті шалқар күйге береміз.  
Н. Тілендиевтің  «Аққу » күйі                                                                                                                                                                                                                                                                                               Орындайтын ____________________. Қабыл алыңыздар!

2-жүргізуші: Міне, Жыр-жүрек осылай ағылып сөйлейді. Өлең дегеніңіз пенделік санамен өлшенбей ақындық түйсікте теңіздей толқып, жан тілінде арнасына сыймай, ағыл-тегіл сөйлейтін, жап-жасыл, тап-таза, құпия да тәтті дірілге толы тұңғиық тылсыммен өрнектелген әлем   Ол өлеңнен өзін іздеді. Өлең оның жан сырласы, жақын мұңдасы болды. Өмір заңдылығына сыймаған ой толқыны Өлең болып арнасынан асып-тасып жатты.
       «Өлең» өлеңі оқылады. _____________ («Дауа» кітабы 38-б.)

1-     жүргізуші: Фариза Оңғарсынова әйел тақырыбын шығармашылығына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, «Бибигүл - ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған.
2-     Жүргізуші: Сондай-ақ «Қыз махаббаты», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қыз ғұмыр» атты жырларымен өзін қаламгер ретінде танытты.
 «Қыз сөзі» өлеңі оқитын ________________

1 -жүргізуші: Дәл осылай болып ұлт санасы мен халық жадында бекуіне өз үлесін қосып, өр ақынның өлмес өлеңдерімен сусындап келе жатқан, оның ғажайып жаратылысын тануға ұмтылған жасұрпақтарға  сөз кезегін берейік.
Ақынның өлеңдеріне кезек берейік. «Бала», «Әкімдік» «Реніш» өлеңдері оқылатын
2-жүргізуші: Цикл – жырларының, поэмаларының басым көпшілігінде жыр азабы, поэзиядағы шеберлік, биік мұрат ұғымдарына үнемі айналып соғып отыратын Фариза өз шығармашылығы туралы оқырмандармен «Менің планетам» циклында сырласады. «Терең бойлап түйсініп, сезінбесең ішін бермес жұмбақтай-жыр әлемінің»-өз планетасының контур картасын сызып беретін ақын жеке өз атынан сөйлеп, шығармашылық анкетасын қысқа да нұсқа ой-тезистерімен өзі саралайды; жалпы өнер адамының миссиясын, шығармашылық азап-қуанышын, өмірінің мәні -өлеңнің болмыс-бітімі неден екенін оқырмандарына саралатады.
«Менің планетам»  ________________ оқиды.(Екі томдық таңдамалы шығармалар, 2-том, 261-263-беттер)

1-жүргізуші: Лирикалық қаһарман тығырыққа тірелгенде, қуанғанда, мұңданғанда анамен сырласу түрінде жазылған жырлар поэзиямызда жоқ емес. Ал осы  сыралғылас жырлардың ішіндегі көлемдісі де, салмақтысы да Фариза ақынның «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы». «Сенің махаббатың» кітабының лейтмотивіндей диалог -сырласу ана мен қыздың жеке бас әңгімесінен биік жатыр.

«Сырласу немесе ана рухымен әңгіме» өлеңі оқылады. Оқитын __________. (Екі томдық таңдамалы шығармалар, 2-том,  43-65-беттер)

1 жүргізуші Күн ойнайды қазағымның қанында,
                                   Күй ойнайды қазағымның жаныңда.
                                   Жүрегімнің, жүрегімнің дүрсілі,
                                   Күмбірлеген домбырасы барында.
Күй: «Ерке сылқым»_________________________.
2 -жүргізуші: Ақынды Біздің өлкеміздіңде жәйі бей-жәй қалдыра алмады. Нарын өлкесіндегі полигон аймағының күйін өз өлеңдеріне қосып мұңын шертті.
Ақынның «Әй, Құм Нарын, Құм Нарын» өлеңін мәнерлеп оқитын ________________
1 -жүргізуші:             Жасымнан жақсы көріп сүйдім әнді,
                                   Сырластым, аштым небір құпиямды.
                                   Мұң шақтым, қуанышқа ортақ еттім,
                                   Таппадым әнге өзге сырға ұстамды. – деп ақындар жырға қосқандай  келесі бейне баянға назар аударайық.

  2-жүргізуші:     Поэзия -
                    әйелдей жұмбақ әлем,
     сиқыр сырын түсінер тұлға да кем;
     жаны -тұнған тұңғиық тереңдік те,
     қимылы -ырғақ, әуен,
     Поэзия –
                      арудай құпиясың
     ұқтырар жылдап әрең... -

деп, поэзияға бейнелі де дара анықтама берген ақынның өнер-өлең және оның мұраты, өнер адамының қоғамдағы орны мен рөлі туралы ойлары -бүкіл шығармашылығының елеулі бір өзегі болып келеді. Ақын жырға теңеу таппақ боп шарқ ұра отырып, бейнелілік қазанын ернеуінен асырады, тасытады.
1-жүргізуші:Ақынның өлеңі мен өмірінің біртұтастығын танытатын, «өлеңді неге аялайтынын», жыр өлкесінде өзін аңдатар басқа да жыр циклдары баршылық. Оның өз шығармаларында әлсін-әлсін Махамбетке оралып отыруы, Махамбетке жүгінуі- «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім», Поэзия циклы немесе Махамбет аудармашысымен әңгіме» -бекер емес. Ақын өнер атаулының, оның ішінде жырдың қоғамдық -әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан да халық мүддесіне қызмет ету мұратын ұстанады.
  «Поэзия» өлеңі оқылады. («Дауа» кітабы 51-55-бет) 

2-жүргізуші: Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары. Екі ұдай дәурен кешіп жатқан бүгінгі қауымымызға ең керек ақын. Қайта қалғып кетпеуіміз үшін, асқақ арман үлесінен шыққанымызша алауымызды әлсіретпей, лапылдап маздай беруіміз үшін қажет өлеңдерін насихаттауда, осы  шараны ұйымдастырушыларға  алғыс айтамыз.
«Өкініш пен қасірет» оқитын Еркебұлан

1-жүргізуші: «...тауда болар тарғыл тас, тарықса шығар көзден жас, тар қолтықтан оқ тисе, шығады сүйеп қарындас...» дегендей Әбіш Кекілбаевтың: «Маңдайыма Фаризадай замандас, құрдас, дос, бауыр тап қылғанына масаттанамын да мақтанамын да. Өмір мен өнердің талай өріне бірге ұмтылып, бірге көтеріліп келе жатырмыз»- десе, ақын М.Шаханов Фариза ақынға  тілегін былайша өрбітеді:

   2 жүргізуші: Ұлтымыздың қайсар рухын иемденген қара қыз,
 Махамбеттің қарындасы, дарындасы -дара қыз.
 Сеніменен молыққандай, толыққандай санамыз,
 Қатпар-қатпар әйел жанын түсінуге талпынсақ.
 Алдыменен сөзіңді еске, өзіңді еске аламыз,
 Ұлтымыздың қайсар рухын иемденген қара қыз.
  Ал, дарынын қарын жеңген жеңіл бұлттай 
                                                                    жөңкілме,
 Қанаттының көбейгенін мұң етеді ел кімге?
 Өтінемін, күрескерлік рухыңды өлтірме!
 Томиристен, Махамбеттен бастау алған 
                                                            мықтылық,
 Өз үлесін қалталыға жібергендей ұттырып,
 Мықтылықтың жанарында қалғандай ма шық
                                                                        тұнып.
 Сен гүлдей бер, айналайын, өз ортаңда тік тұрып.
 Бәрін сатып жіберетін сайқал саясатта да
 Сатылмауға тиісті рух болатынын ұқтырып.

1- жүргізуші: Қай ақынның да жырларынан, ең алдымен, өзінің бітім-болмысы, таным-парасаты айқындалады. Лирикалық кейіпкерлерінің барлығында дерлік өз әлемінің бір бөлшегі жататын Фариза жырлары әу бастан-ақ оттылығымен,  өршіл рухымен оқшау тұрды. Жас шамасы, сезім деңгейі, парасат биігі әр қилы кейіпкерлер мінез ірілігі, болмыс біртұтастығымен тәнті етеді.
«Мен бір қызық адаммын» оқитын Индира

2- жүргізуші: Көрнекті жазушы Әкім Тарази сөзімен «¥лы Адам, үлкен адам еш уақытта мен ұлылыққа қызмет етіп жүрмін деп ойламайды. Ол өзімен-өзі алысып әуре. Өзінен-өзі күнде  жеңіліп қиналады. Өзін-өзі күнде жеңіп қуанады. Фариза да сол адамдардың қатарында. Фариза әлі де алыс-алыс замандарда өлмeйтiн, биік тұғырлы шығармалар жазады» деп корытындылаймыз.

Бейне баян кетеді. Фариза Фаризажан, Фаризақыз
1- жүргізуші: Фариза өлеңдеріндегі жыр әлеміне құлаш ұрған ақын жырлары өз оқырмандарын қуанта берері сөзсіз. Қадірменді бүгінгі кешіміздің қонақтары! Осымен біздің оқырмандар конференциямыз өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар!

Өкініш пен қасірет
Сөз қадірін ұқпайтын
Көшің болған өкініш.
Биліктіні ықтайтын
Досың болған өкініш.

Әділетке жұғымсыз
Биің болған өкініш.
Саңылаусыз, жылаусыз
Үйің болған өкініш.

Адамының құны жоқ,
елің болған өкініш.
Дауыл соқса, ығы жоқ,
Жерің болған өкініш.

Ойы асқанды көре алмас,
Ханың болған өкініш.
Елден биік, сөзі –алмас,
Дарын болған өкініш.

Ессіз болса, өз балаң,
Бәрінен де сол жаман.
Қайғы мүжіп, жас іреп,
Сол-өлтірер қасірет.







 «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында  
Ф. Оңғарсынованың «Дауа» өлеңдер жинағы бойынша оздырылатын оқырмандар конференциясының
Б А Ғ Д А Р Л А М А С Ы.



Өтетін орны
Өтетін уақыты
Өткізетін сыныбы
Көрнекілігі: «Поэзия Патшайымы» атты кітап көрмесі, видеоролик, слайд


Жүргізушілер: 



   Оқылатын өлеңдер.
1.      Жаным- дала көгінен бұлт арылмай
2.      Мен бір қызық адаммын
3.      Өлең
4.      Жыр- менің жалғыз тарланым
5.      Әкімдік
6.      Туған жер
7.      Қыз сөзі 
8.      Менің планетам
9.      Реніш
10.  Анама
11.  Өкініш пен қасірет
12.  Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диологі


Орындалатын әндер мен күйлер:

1.      Күй «Ерке сылқым»
2.      Ән «Дариға домбырамды берші маған»
3.      Ән «Фариза»


 Қорытындылау: Кітапханашылар







«Бір ел-бір кітап» акциясы аясында өткізілетін Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын Фариза Оңғарсынованың  шығармашылығына арналған
«Тыңда мені жүрекпен» атты ән-жыр кешінің бағдарламасы

Өтетін күні:
Өтетін уақыты: 
Өтетін орны: Орал газ, мұнай және салалық технологиялар  колледжі
Көрнекіліктер: ақын портреті, Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған слайдтар, «Тұнық жырдың тұмары» атты облыстық кітап көрмесі, «Жүрегі жырмен тербелген» атты колледж кітапханасының көрмесі,
  
     Алғы сөз: Кітапхана меңгерушісі – Умбетова К.Ж.

1-жүргізуші:  Жаным-дала, көгінен бұлт арылмай,
    Батпан зілдер басса да, жүр тарылмай.
    Шідерлеулі көңілді зулат, жырым,
    Баяғының құс қанат тұлпарындай.

2-жүргізуші: Жол-дария, тұрмайды ағын ұрмай,
                       Жоғалма, жыр, жылдарға тамырың жай.
                       Дәуірлердің дауылы дақ самғаған
                       Ата-мұра қобыздың сарынындай.
1-жүргізуші: Армысыздар, қадірменді қонақтар,  ұстаздар  мен оқушылар! Жыл сайынғы дәстүрге айналған  «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында ортақтаса оқуға биылғы жылы  Абай атындағы Республикалық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты кітабы  таңдалды. Бұл жыр кеші облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасымен бірлесе өткізгелі тұрған кештеріміздің жалғасы іспеттес.
2-жүргізуші: Фариза Оңғарсынова шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен орны бар тұғырлы дүние.  Бүгінгі осындай дауылпаз ақын, тұнық жырдың тұмары  Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Тыңда мені жүрекпен» атты ән-жыр кешіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Поэзия дегенің-халық қаны,
                       қасіреті, мұрасы, жарық таңы;
                       ол-сезімнің оралмас мөлдірлігі,
                        уақыт шаңын бойына дарытпады.

2-жүргізуші: Жыр-таңбадай қасиет халықтағы,
                       ақын - заман, дәуірдің алыптары,
    ұрпақтардың, ортаның шын сенімі-
                                              ақынның шабыт нәрі.

1-жүргізуші: Міне, осындай поэзияның асқар шыңына шыққан, әрлі ән, өрлі өлең шығарған Фариза апамыздың жырлары осындай ерекше емес пе?

2-жүргізуші: Иа, Фаризадай жыр сүлейінің артында ізін басып, Жұбан ақынның өлкесінде жыр тұлпарына мінген ақын апаларымыз бүгінгі жыр кешінің сыйлы қонақтары.

1-жүргізуші: «Жайық ұстазы» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жайықтың ақ самалы Таубаева Ақмаржан Бақытқызы, «Жайық үні» газетінің редакторы, Шүйіншалиева Мира  Хамзақызы және бүгінгі кешіміздің өтуіне атсалысқан Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Көшалиева Сара Көшәліқызы, қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің әні: «Жайықтың толқындары». Орындайтын: мұнай-газ бөлімінің 3-курс оқушысы-Ажгулов Қуаныш.

1-жүргізуші: Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев өрбіткен баянды бағам – байлауды әдебиетші ғалымдарымыз Мұхамбетжан Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды.

2-жүргізуші: Ақынның өз тұстастарынан және қаламдас іні – сіңлілерінен Күләш Ахметова, Нұрлан Оразалин, Әбіш Кекілбаев, Саттар Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай және басқалардың пікір – пайымдарының мәні зор болды.  Өз кезінде осындай бағасын алған ақын Фариза Оңғарсынова лирикасы – қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние.

1-жүргізуші: Ф.Оңғарсынова «Өзіңмен жүрегім егіз менің». Оқитын: салалық технологиялар бөлімінің 1-курс оқушысы- Қатарова Ақтолқын.

 2-жүргізуші: Ақынның шығармашылығының негізгі тақырыптары - сүйіспеншілік пен жек көрушілік, ерлік пен қорқақтық, жақсылық пен жамандық. Өзінің көптеген өлеңдерін ақын туған ауылына, жерлестеріне және бүкіл қазақстандықтарға арнады.  

1-жүргізуші: Ақынның сан – салалы лирикалық шығармаларында сыры ашылмаған қаншама дүние жатқаны баршаға аян. Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық.

2-жүргізуші: Ф.Оңғарсынова «Ер-тұрман». Оқитын: құрылыс-техникалық бөлімінің 1-курс оқушысы- Қамбаров Айбар.
1-жүргізуші: Ақын мұрасы сонау алпысыншы жылдардың нақ ортасында “Сандуғаштан” бастау алып, сексенінші жылдардың аяғындағы “Таңдамалыны”және “Қыз ғұмырға” дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы “Маңғыстау маржандары”, “Мазасыз жүрегіңдемін”, “Шілде”, “Сенің махаббатың”, “Сұхбат”, “Жүрек күнделігі”, “Дауа”, “Маңғыстау монологтары”, “Екі томдық: Таңдамалы шығармалары”, “Өсиет”, “Қыз ғұмыр” және “Мен саған ғашық емес ем”сынды дүниелермен толықты.
2-жүргізуші:  « Дауа » жинағы таңдамалы өлеңдерінен тұрады. Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы: махаббат, замана, уақыт тынысы, туған жер, туған ел туралы болды.
1-жүргізуші: Осы жыр жинағынан алынған ақынның  «Айналайын ауылдың адамдары-ай» өлеңін мұнай-газ бөлімінің 2-курс оқушысы Құмаров Мержан және «Жаулықтар» атты өлеңін салалық технологиялар бөлімінің 1-курс оқушысыТарғынова Айым оқып береді.
2-жүргізуші:  Ақынның творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.Оның өлендерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді. Қазір барлығымыз экрандағы бейне баянға назар аударып, бір сәт ақын апамызды тыңдасақ. (Фаризаның сөзі-2 мин)
1-жүргізуші: Кешіміздің қонағы, «Жайық ұстазы» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жайықтың ақ самалы, Фариза апамыздың артынан ерген сіңілісі Таубаева Ақмаржан Бақытқызына сөз бере отырып, ақын апамыз туралы сыр шертсе дейміз.
2-жүргізуші: Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады.  Ақын – өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.
1-жүргізуші: Ф.Оңғарсынова «Өлең». Оқитын: салалық технологиялар бөлімінің 3-курс оқушысы- Негметуллина Айнұр.
2-жүргізуші: Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры.
1-жүргізуші: Әйел – Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы",-дейді.
2-жүргізуші: Ф.Оңғарсынова «Ойламадың сен мені еске алмадың»   Оқитын: салалық технологиялар бөлімінің 1-курс оқушысы- Қатарова Ақтолқын мен ақынның «Телефон шыр етеді» өлеңін оқу үшін ортаға салалық технологиялар бөлімінің 3-курс оқушысы Габдулова Гүлдананы шақырамыз.
1-жүргізуші: Келесі сөз кезегін кешіміздің тағы бір қонағы «Жайық үні» газетінің редакторы, ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Шүйіншалиева Мираға беріледі.
2-жүргізуші: Ақын апамыздың сөзіне жазылған әндер елімізде кең таралаған. Әкеге арнап жазылған әні «Әке туралы ой». Орындайтын: мұнай-газ бөлімінің 3-курс оқушысы-Ранова Назерке.
1-жүргізуші: Жүрегі жырмен тербелген Фариза ақынның өлеңдерімен сусындап өсіп келе жатырған, Ақмаржан, Мира апаларымыздың артынан ерген колледжіміздің «Жас өркен» жас ақындар мектебінің жас таланттыларын ортаға шақырамыз: Бисенгалиева Айсара, Қитарова Айсәуле және Меңдіғали Назеркем.
1-жүргізуші:  Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем.
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,Бірімізден біріміз арылармыз.Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,Шаң басқан архивтерден табылармыз.  – деген  Мұқағали ақынның  Фаризаға арнап  жазған өлең шумағы да есімізге түсе кетеді.

2-жүргізуші: ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әнші-композитор Әбиірбек Тінәлінің әні: «Фариза».
1-жүргізуші:  Қазақ поэзиясы биік шыңдарға жалғасып келеді. Мұқағалидың, Жұмекеннің, Төлегеннің, Фаризаның, т.б. жүрек сазымен жазылған қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы поэзиясы - өлмейтін поэзия. Бүгінде Фариза Оңғарсынова Қазақстанның ең көп оқылатын авторы болып саналады. Фариза Оңғарсынованың шығармаларына әлеуметтік пен азаматтық тән, ақын жырлары отансүйгіштік рухты оятып, туған халқын сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақырады. Фариза Оңғарсынова әлі күнге қазақстандық поэзияның дамуына өз үлесін қосып келеді.
2-жүргізуші: Бүгінгі «Тыңда мені жүрекпен» атты жыр кешін қорытындылау үшін сөз кезегі Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Көшалиева Сара Көшәліқызына беріледі.
1-жүргізуші: Кітапханамызда жыл бойына Фариза Оңғарсынованың шығармашылық шеберлігін ашатын  көптеген іс-шаралар өткізілу жоспарлануда.  Бүгінгі жыр кешімізді аяқтай келе, сіздерді дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» акциясына қатысуға шақырамыз! Жүздескенше сау болыңыздар!
  «Шашу» би тобы билейді (қонақтарға гүл беріледі)









                Ойламадың сен мені, еске алмадың
Ойламадың сен мені, еске алмадың,
Алар бір кез адамдар кешкен жалын.
Өмір деген кетеді өкіндіріп,
есіңе алма. Бірақ тек кеш қалмағын.

Аяғансып мұңайма: «Зарлы ғашық
Ұзақ түні жүр-ау,-деп, - таңға ұласып...»
Мен өтермін арыма дақ түсірмей,
Бірге шығар белестен жалғыз асып.

«Қалай ғана жүр екен жанып, жылап,
Бітті онда, -деп аяма,- дарын-бұлақ».
Мейірімге тапшы-ау деп аялама.
Кейін өртеп жүрмесін арың бірақ.

Мені әлі де біреулер сынар, алдар
(сын тағуға шебер ғой бұл адамдар).
Аласармай кетуі мүмкін бірақ
Менше күліп, дәл менше жылағандар.


              












    Өзіңменен жүрегім егіз менің
Өзіңменен жүрегім егіз менің,
Түндер бойы қарманып сені іздедім –
Жоқсың. Сонда еске алдым қимастықты
тағдырдың желі үзгенін.

Түндер қалай үрейлі жалғыз жанға,
 қалғандаймын күздегі таңғы ызғарда.
 Көзім жұмсам, шошытып сұсты елестер –
 тылсым ба, жар, құздар ма...

Мазақтайды тағдырдың түні, желі,
Көкірегім ызадан тілінеді.
Шыр еткендей қоңырау- сонда есікке
жүрегім жүгіреді.

Жүгіреді. Қайтадан басылады –
Естілмейді ешкімге жасы, зары.
Тағдырымның дауылы азынап тұр –
Бұл әлде басы ма әлі?..














                               Жаулықтар
Жүргенде жанымды арбап жыр бұлағым,
Өтіпті зымыраумен сүңғыла күн.
Бүгінде армандаймын бір көруді
Анамның сыр шертіскен құрбыларын.

Ұқсайды өмір кейде түстенгенге,
Адамға оны бөгер күш берген бе?
Бір сәлем берсем-ау деп асығамын
Анамның қолынан шай ішкендерге.

Баяғы келіншектер жүзі еліктей
Жүр ме екен әлі күнге тізе бүкпей?
Көздері сиреді ме олардың да
Анамнан қалған күміс білезіктей?..

Қою шай, тамызары шырын қаймақ,
Күлгенде жанарлардан Күн райлап,
Талықсып жалғыз аяқ, түйе сауып,
Жүретін едіңдер-ау құлын байлап.

Аялап ата-енені гүл ғып керім
Білмедім дәл сендерше кім күткенін..
Жалғыз өз үйің есем, ертеменен
Аштыңдар бар көршінің түндіктерін.

Өсіріп ұл мен қызды тау ғып бәрін,
Бұл күнде жүрсіңдер ме саулық та мұң?
Қорқамын көзден ұшып барады-ау деп
Сендердің ардай аппақ жаулықтарың.







                                      ЕР-ТҰРМАН
Өртейді бір өкініш жиі мені.
Киіз үй.Мекеніміз қиыр еді.
Анамның алданышы, сүйінері-
Әкемнің ер-тұрманын күніне бір
Тазалап, қайта-қайта иіледі.
Көзінің тірісінде қайран әкем
Қастерлеп қадір тұтқан бұйымы еді.

Қырда едік, көп жайлардан жырақта едік.
Мен жүрдім ер-тұрманды мұрат көріп.
Үзенгі күмістеген, күміс жүген,
Соқтырған Сарсен шалға құр ат беріп.
Әкемді сағынғанда ер-тұрианын
Сипалап отырушы ем жылап келіп.

Күміспен бағдарлаған өмілдірік,
Қараушы ем құйысқанға өңім жібіп.
Тоқымы тобылғы түс былғарыдан,
Тұрғандай, шылбырды алсам, қолымда үміт.
Шап айыл, төс айылды шірей тартып,
Жүйрікпен жол тартатын көңіл-жігіт.
От тұяқы кең даланы дүбірлетіп,
Терлікте терге малар со күнді күт!

Көңілімде бір сыр жатты жанға айтылмай,
Сол сырмен әке үмітін жалғайтындай
Сезіндім, атқа мінсем әкеміздің
Шаң басып ер-тоқымын қалмайтындай.
Сол тұлпар, тізгін тартсаң, қаршылдатып
Шайнайды ауыздығын таңдай тынбай.
Мұз шатқал, тау-тасты да тұлпар тұяқ
Тағасыз тіліп өтіп мағайтындай.

Соғыстан соңғы кезең, жүдеткен ең,
Нан тапшы, қуыршақ жоқ, тірек те кем.
Жанашыр, мейірімді еді адам біткен,
Сол ғана аш қарынға, жүрекке де ем.
Түндерде жүйрік мініп, қиял қуып,
Қараумен ер-тоқымға күн өткерем,
Ат мініп, адам болып, әке арманын
Жалғасам деген жалғыз тілекпенен.


Әкеміз елге сыйлы кісі еді арлы,
Білмейтін жағынуды, күш-амалды.
Әкенің абыройын оранып ап,
Кешпедік жетім күйді, құса-зарды.

Бір күні сәске түсте үйімізге
Сау етіп төрт-бес атты түсе қалды.
Басқарма! Танитын жұрт оны тегі,
Қаһарлы дейтін жүрген жолы пері.
Олардың айтуынша ауылдағы
Жүйрік ат, асыл бүйым соныкі еді.

Қадалды анамызға Құрман кенет:
«Бар қазақ ата салтын қылған медет:
ағаның ер-тұрманын мен ұстайын,
не пайда үйде босқа тұрғанда»,- деп.
Жылады, шырылдады анам көнбей,
Мен тұрдым сөз айтуға шамам келмей.
Әкетті ер-тұрманды. Біз қосылып
Жыладық әкем сонда жаңа өлгендей.
 Сол күні әкеміздің қосын керіп
Бір құйын ойрандады тосын келіп.
Жыл-ұршық зырылдады. Біз әйтеуір
Ошағын әкеміздің өшірмедік.

Өмірдің бұл да заңды күйі ме еді..
Ойласам, жанымды жел үйіреді.
Сол күні жасты, ызаны кішкене қыз
Кішкене жүрегіне түйіп еді.
Сол күннен басталған-ды оның және
Шарасыз күйден күйреп, күйінері.
Мен сонда дертті болдым. Сол дертімнің
Өмірде табылуы қиын емі.
Өртейді өкінішім жиі мені.
Әкемнің көзіндей бір бұйымы еді.


                                                     





Айналайын ауылдың адамдары-ай!

Сендер барда бұзылар заман қалай?!
Шуақ ұшып сендердің көңіліңнен,
Ауатындай күн нұры маған қарай.
Көңілдерің сендердің, сенімдерің,
Сенім сезіп, зілдерден жеңілдедім.
Төрт аяғын тең басып тұр бүгінде
Өздеріңе сүйенген елім менің.
Өмір салған жанымның тоты қалың,
Тек сендерді медеу қып отырамын.
Мен жалғыз түп жусанмын, тамыр жаяр
Сендерсіңдер құнарлы топырағым.
Сүтін емген тіл менен жыр сендерде,
Менен жырақ күн қақтап жүрсеңдер де,
Сендер деймін аршитын, бұл тірлікте
Қалсам кенет ұрынып мың шеңгелге.
Қарапайым қазақтың ауылдары-ай!
Айналасы ақ шаңдақ, даулға бай.
Жан біткенге жаны ашып елжірейтін
Жүректерің сендердің ауырмағай!
Кеуде тосар жауынға, дауылға да
Сендерсіңдер, болғанмен дәуір жаңа,
Ана сүтін сіңірген мәнімді де,
Әнімді де сақтайтын ауыл ғана!
Жалғастырар бұрынғы, бүгінгі әнді
Сендер барда, қаным мен тілім нәрлі.
Ешкімге де қажетім болмас, бірақ
Ауыл болса, менде де ғұмыр мәңгі!









                     Бауырластарыма
Армысыңдар, бауырлар, бармысыңдар!
Ағаларым-асқар тау, қарлы шыңдар.
Жеңгелерім- жанымның жайлауы еді
Інілерім – шым болат шалғысыңдар.
Сіңлі,келін- періште тілеулесім,
Барлығың да әйтеуір бармысыңдар?!
Бар болыңдар,
Сендер болсаң, туардай іркіт күнім,
Қашар менің жанымнан сылтып мұңым.
Мен сендердің шөлдегі бір түп гүлің,
Сендер барда самғайды бүркіт-жырым.
Сендер барда сезбеймін, сездірмеймін
Иығымның, жанымның жыртықтығын.
Тағдырыма жазылмай кемел несіп,
Жалғыздықтың бейнетін келем кешіп.
Шыбын жаным шырқырап ертеңгі күн,
Не болар деп ел деген ерен бесік.
Менде арман жоқ – алдымда тілек тілеп,
Сендер жүрсең, қаумалап, елеңдесіп.
Сендер барда жырым бар, қаным да бар,
Желбірейтін туым бар, тағым да бар.
Жүдеп жүрсем, жігер бер, жалынға мал!
Арқа тірер жалғанда сендер барда
Өзім кетсем, мұңдылау әнім қалар.












3 комментария:

  1. Мусина Жансауле,кітапхананың тұрақты оқырманы26 октября 2013 г. в 05:28

    Рахмет Сізге осындай Фариза апамызға арналған блог құрылғанына! маған бул сайт үлкен комегін тигізді, ал мына сценарийді тауып жұмысымда пайдалану үстіндемін,рахмет сізге!

    ОтветитьУдалить
  2. Каламиев Азамат, студент27 октября 2013 г. в 05:06

    Мен мына сценарийлерді көріп қатты қуанып кеттім, осы блогтан фариза апамызға арналған материалдар мол етип таптым. бұл блог өте ыңғайлы екен. пайдаланып, жүктеу өте өңай және уақытты да алмайды екен.Сонымен қатар кітапхана сайтына оп- оңай осы блогтан шықпай кіргеніме өте қуаныштымын, уақытты үнемдейтін адамға бұл блог нағыз керегі екн. Алдағы уақытта мол табыс тілеймін, Айнара Халиоллақызы!

    ОтветитьУдалить
  3. Сартай Ақжарқын КГПИ І курс20 марта 2014 г. в 06:23

    Сартай Ақжарқын КГПИ І курс студенті, ең әуелі осы блокты ашқан сауатты да, адамгершілігі мол, қайырымды жандарға шексіз алғасымды білдіргім келеді. Осындай ақын жанды пенделердің еңбегін жарыққа шыгарып, оны еліміздің келешегі біздер жастардың санасына ұқтырғандарыңыз өте сауапты іс деп ойлаймын.Фариза Оңғарсынова апамыздың рухы шаттана берсін, деген ниетпен сіздерге үлкен алғыс білдіремін. РАКМЕТ!!!

    ОтветитьУдалить